SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда әкімшілік және қылмыстық рақымшылық жасау мәселесі талқыланып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, тиісті заң жобалары әзірге дайындық кезеңінде. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар салған кейбір айыппұлдарды есептен шығару мүмкіндігі қарастырылуда.
«Бүгінде елімізде 600-ден астам айыппұл түрі бар. Қазір олардың қайсысы рақымшылыққа ілігетінін талқылап жатырмыз. Алайда экология мен санитарлық қауіпсіздікке қатысты құқықбұзушылықтар кешірілмейді. Адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттер бойынша салынған айыппұлдар есептен шығарылмайды», – деді Снежанна Имашева Мәжілісте журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Оның сөзінше, әкімшілік рақымшылық бірнеше миллион айыппұлға әсер етуі мүмкін. Дегенмен нақты қанша адамның қамтылатыны әзірге белгісіз.
«Бір адамның өзінде бірнеше айыппұл болуы мүмкін. Сондықтан нақты адам санын айту қиын», – деп түсіндірді депутат.
Сонымен қатар Мәжіліс өкілі қылмыстық рақымшылықтың негізінен ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстарға қатысты болатынын айтты.
«Алдын ала есеп бойынша бұл шамамен 17 мың адамды қамтуы мүмкін», – деді ол.
Заң жобасын мамыр айының басында Парламент қарауына енгізу жоспарланып отыр.
RUS