SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Германияда қазақстандық азаматтың ұсталуына байланысты ресми мәлімдеме жасады. Ведомство Германияның құзырлы органдарына ресми сұрау жолдап, оқиғаның мән-жайын анықтауға кіріскенін хабарлады.
Министрлік мәліметінше, қазақстандық азамат Германия Федеративтік Республикасында заңға қайшы әрекет жасады деген күдікпен ұсталған.
— Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Германияның құзыретті органдарына ресми сұрау жолдады. Қазіргі уақытта жауап күтілуде. Бұл мәселе министрліктің бақылауында, — деп мәлімдеді ведомство.
Бұған дейін Deutsche Welle басылымы Германияның федералды прокуратурасына сілтеме жасап, Берлинде Қазақстан азаматының шетелдік арнайы қызмет мүддесіне тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған еді.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті былтыр мамыр айынан бастап Украинаға беріліп жатқан әскери көмекке қатысты мәліметтерді, Германияның қорғаныс өнеркәсібі жөніндегі ақпараттарды және әскери техника қозғалысы түсірілген фотосуреттерді жіберіп отырған болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Германия тарапы ресми түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Германиядан Қазақстанға аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша 10 жылдан астам халықаралық іздеуде жүрген күдікті экстрадицияланған болатын. Ол қазір тергеу изоляторына қамалып, іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
RUS