SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Новосібір облысында үй малын тәркілеу және жаппай сою шараларына жауапты болған шенеунік көз жұмды. 43 жастағы Сергей Турдың өлімінен кейін құқық қорғау органдары тексеріс бастады.
DW басылымының мәліметінше, Сергей Тур Новосібір облыстық ветеринария басқармасының эпизоотияға қарсы және карантиндік шаралар бөлімін басқарған. Ол өңірдегі індетке қарсы жұмыстарды, соның ішінде малды мәжбүрлі тәркілеу мен жаппай сою науқандарын үйлестірген.
Марқұмның жұбайы NGS.ru порталына берген пікірінде оның қазасын жұмыспен байланыстырды.
«Кеше жүрегі тоқтап қалды. Бұған жұмыс тікелей әсер етті. Моральдық та, физикалық та жүктеме өте ауыр болды. Жауапкершілік орасан еді», — деді ол.
Ресейлік бірқатар БАҚ шенеуніктің өзіне қол жұмсауы мүмкін деген болжамды да жариялады. Қазір бұл нұсқаны тексеріп жатқан құқық қорғау органдары қарастырып жатыр.
Соңғы апталарда Ресейдің бірнеше өңірінде билік пастереллез індетімен күрес деген желеумен шаруалардың малын жаппай тәркілеп, сою шараларын жүргізген. Алайда фермерлер бұл шешімдерге қарсы шығып, сараптама нәтижелері көрсетілмегенін, ал алынған малдардың сау көрінгенін айтқан.
Сарапшылардың бір бөлігі Сібірдегі төтенше шаралардың шынайы себебі пастереллез емес, емделмейтін аусыл ауруы болуы мүмкін деген күдік келтіруде. Себебі халықаралық талап бойынша мұндай індет тіркелсе, мемлекет бұл туралы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымына хабарлауға міндетті. Кей сарапшылар Ресей билігі ет пен сүт экспортына шектеу қойылмауы үшін осы ақпаратты жария етуден қашқан болуы мүмкін деп болжайды.
RUS