SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Лондонның еврейлер көп шоғырланған Голдерс-Грин ауданында 29 сәуір күні белгісіз ер адам көшеде өтіп бара жатқан адамдарға пышақпен шабуыл жасады. Оқиға салдарынан екі адам жарақат алып, күдікті ұсталды. Лондон полициясы бұл жағдайды ресми түрде террорлық акт ретінде қарастырып отыр.
Шабуылдан зардап шеккендерге еврей қауымдастығының жедел жәрдем қызметі – Hatzola көмек көрсеткен. Ал күдіктіні қауіпсіздік қызметінің өкілдері оқиға орнында ұстаған. Еврей ұйымы Shomrim мәліметінше, тергеу жалғасуда.
Лондон полициясының антитеррорлық бөлімінің басшысы Лоренс Тейлор оқиғаның террорлық акт ретінде сараланғанын растады. Оның айтуынша, тергеушілер шабуылдың нақты мақсаты еврей қауымдастығына бағытталған-бағытталмағанын анықтап жатыр.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Лондон мэрі Садик Хан бұл шабуылды қатаң айыптады. Стармер әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде еврей қауымына қарсы жасалған әрекеттерді елге жасалған шабуыл деп бағалап, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.
Ал мэр Садик Хан Лондонда соңғы уақытта еврей қауымына қарсы антисемиттік сипаттағы бірнеше шок тудыратын оқиғалар тіркелгенін атап өтіп, қоғамда мұндай әрекеттерге орын жоқ екенін мәлімдеді.
Израиль Сыртқы істер министрлігі Ұлыбритания үкіметін антисемитизмге қарсы қатаң әрі шұғыл шаралар қабылдауға шақырды. Ведомство соңғы шабуылдардан кейін жағдай бақылауда емес деген пікір білдіріп, тек мәлімдемелер жеткіліксіз екенін алға тартты.
Соңғы айларда Лондонда еврей және израиль нысандарына қарсы шабуылдар жиілеген. Ақпан айынан бері синагогалар мен діни орталықтарға жасалған бірнеше өрт қою және бұзақылық фактілері тіркеліп, 26 күдікті ұсталған.
Кейбір шабуылдар үшін жауапкершілікті «Харакат ашаб аль-Ямин аль-Исламия» атты топ өз мойнына алған. Сарапшылар бұл құрылымның Иранмен байланысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Германияның Конституцияны қорғау федералды ведомствосы да бұл ұйымның әрекеттеріне байланысты қауіптің артқанын ескерткен. Терроризм саласының мамандары да Еуропада мұндай шабуылдардың ұйымдастырылуында Иранға қатысты ықпал бар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
RUS