SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда компьютер клубының маңында болған жаппай төбелес қайғылы жағдаймен аяқталды. Пышақ қолданылған жанжал салдарынан екі жасөспірім көз жұмып, 12 күдікті ұсталды.
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, оқиға түнгі уақытта болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал компьютер клубының ішінде басталған. Жасөспірімдер әуелі сөзге келіп қалып, кейін дауды сыртқа шығып жалғастырған.
Куәгерлердің сөзінше, ауызша кикілжің бір сәтте жаппай төбелеске ұласқан. Сол кезде қатысушылардың бірі пышақ алып шыққан.
Қаза тапқан жасөспірімдердің бірінің анасы оқиға қалай өрбігенін айтып берді.
«Досы хабарласып, көмек сұраған. «Біреулермен сөзге келіп қалдым, сөйлесіп алайық» деген. Барса, шамамен он шақты жігіт тұрған. Төбелес басталып кеткен. Сол жерде біреу досының жүрек тұсына пышақ сұққан. Балам ашуланып артынан жүгірген. Кейін оны да пышақтап кеткен», — дейді ол.
Оқиға салдарынан екі кәмелетке толмаған жасөспірім ауыр жарақат алып, мерт болды.
Алматы қалалық полиция департаменті кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір 12 күдікті ұсталған. Олардың барлығы — 17-18 жастағы жастар.
Полиция өкілдерінің айтуынша, пышақ жарақатын салған адамдар анықталып, қамауға алынған. Қалған қатысушылардың әрекетіне де құқықтық баға беріледі.
«Денсаулыққа ауыр зиян келтіру және адам өлтіру секілді ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады», — деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
RUS