SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 30 сәуір күні Астана уақытымен сағат 23:00-де Байқоңыр ғарыш айлағындағы «Бәйтерек» кешенінен «Союз-5» зымыран тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы жүзеге асты. Қазақстанда «Сұңқар» атауымен танылған жаңа буын зымыраны алғаш рет ғарышқа жол тартты.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, пайдалы жүк макеті орнатылған зымыран 31 наурызда №42 монтаждау-сынақ корпусынан арнайы теміржол желісі арқылы №45 ұшыру алаңына жеткізіліп, тік күйде орнатылған.
Осыдан кейін бір айға жуық уақыт бойы «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінде жерүсті инфрақұрылымы мен жаңа зымыранның негізгі жүйелеріне кешенді сынақтар жүргізілді.
Алғашқы ұшырылым суборбиталық траектория бойынша өтті. Яғни, пайдалы жүк жер орбитасына шығарылған жоқ. Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат — ұшыру кешенінің, қозғалтқыштардың, басқару жүйелері мен бағдарламалық қамтамасыз етудің жұмысын толық тексеру болған.
«Бәйтерек» — Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Ол Байқоңыр аумағында заманауи ғарыштық ұшыру инфрақұрылымын қалыптастыруға арналған.
Сарапшылар бұл ұшырылымды Қазақстанның ғарыш саласындағы жаңа кезеңінің бастамасы ретінде бағалап отыр.
RUS