827

«28 жыл теміржолда еңбек еткен»: Қарағанды облысында пойыз теміржол монтерін қағып өлтірді

Теміржол саласына өмірін арнаған монтер түнгі ауысым кезінде қайтыс болды.

«28 жыл теміржолда еңбек еткен»: Қарағанды облысында пойыз теміржол монтерін қағып өлтірді
gosrating.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысындағы Жаңа-Қарағанды станциясында электровоз теміржол монтерін қағып кетіп, ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Қайғылы оқиға 2 мамырдан 3 мамырға қараған түні болған. Сағатына шамамен 60 шақырым жылдамдықпен келе жатқан электровоз теміржол қызметкерін басып кеткен.

Машинист шұғыл тежегішті іске қосқанымен, соқтығыстың алдын ала алмаған.

Апат салдарынан 1977 жылы туған, 4-разрядты жол монтері қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, ол құрал-жабдықтарды күзетіп жүрген.

Марқұмның теміржол саласында 28 жылдан астам еңбек еткені белгілі болды. Ол отбасылы болған және үш бала тәрбиелеп отырған. Балаларының екеуі кәмелетке толмаған. Сондай-ақ бір баласының мүгедектігі бар екені хабарланды.

Оқиғадан кейін пойыз шамамен таңғы 04:30-да екінші негізгі жолға шығарылған. Апат салдарынан бірнеше пойыздың қозғалысы кідіріп, кешігулер бірнеше минуттан бір жарым сағаттан астам уақытқа дейін созылған.

Көліктегі полиция департаменті аталған фактіні растады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 3 мамыр күні Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы көліктегі полиция басқармасы «Теміржол көлігі қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Қазір оқиғаға байланысты қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Материал авторы