SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» 5-7 мамыр аралығына арналған ауқымды дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, елдің бірқатар өңірінде найзағай ойнап, бұршақ жауып, жел күшейеді. Кей аймақтарда тұман түссе, кей өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Кей жерлерде нөсер жауын, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Жел екпіні секундына 15-25 метрге дейін жетеді.
Маңғыстау облысында да ауа райы құбылмалы болады. Синоптиктер жаңбыр, найзағай және тұман болатынын ескертті. Ақтауда түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.
Астанада 5 мамыр күні күннің екінші жартысында найзағай ойнап, жел күшейеді. Желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетуі мүмкін.
Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарының таулы аймақтарында найзағайлы жаңбыр күтіледі. Сонымен қатар бірнеше өңірде өрт қаупі күрт артқаны хабарланды.
Жетісу облысының оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталып отыр. Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Абай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар аумағында да жоғары өрт қаупі жарияланды.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында түнде үсік жүруі мүмкін. Кей жерлерде топырақ беті 1-2 градусқа дейін суытады.
Алматы тауларында қар көшкіні қаупі сақталып отыр. Мамандар Үлкен және Кіші Алматы су алаптарындағы қар жамылғысы тұрақсыз екенін айтып, тауға шығудан бас тартуға кеңес берді.
RUS