SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскемендегі «Қазцинк» кәсіпорнында болған жарылыс адам өліміне әкелді. Кәсіпорын мәліметінше, апат салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бес жұмысшы жарақат алған.
Компанияның хабарлауынша, төтенше жағдай 5 мамыр күні таңертең Өскемен металлургиялық алаңында болған. Алдын ала дерек бойынша, түтінсорғышты тазалау жұмыстары кезінде жарылыс болып, артынша өрт шыққан және өндірістік конструкциялардың бір бөлігі опырылған.
Жараланған қызметкерлерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оқиға орнында төтенше жағдай қызметтері жұмыс істеуде, апат салдарын жою шаралары жалғасып жатыр.
Кәсіпорын арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. Комиссия оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтайды.
«Қазцинк» қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендер мен марқұмдардың жақындарына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін хабарлады.
Сонымен қатар, уәкілетті органдар қоршаған ортаға әсерді бағалау жұмыстарын бастап кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, ауаға шаңның жергілікті таралуы тіркелгенімен, қауіпті заттардың мөлшері рұқсат етілген шектен аспаған.
RUS