SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық блогер Дариға Нұркеева өзінің аты мен бейнесін пайдаланып жасалған жалған видеоларға байланысты алаяқтарды сотқа беретінін мәлімдеді. Блогер бұл туралы TikTok парақшасында жариялады.
Оның айтуынша, интернетте «Дарикорн, слив видео» деген атаумен жасанды интеллект көмегімен құрастырылған фейк-видеолар таралып жатыр. Алаяқтар блогердің бейнесін пайдаланып, түрлі тауарларды сатып жүрген көрінеді.
«Қазір интернетте менің бейнем қолданылған жасанды интеллект арқылы жасалған видеолар тарап жатыр. Ең сорақысы — адамдар соған сеніп, алданып, тауар сатып алып жатыр. Мұның бәрі ЖИ арқылы жасалған. Бет-бейнемді рұқсатсыз пайдаланғандардың бәрін сотқа беремін, дайын болсын», – деді блогер.
Дарига Нұркеева қолданушыларды мұндай контентке сын көзбен қарауға шақырды. Ол видео сапасына назар аударып, күмәнді жарияланымдарға бірден сенбей, ақпаратты міндетті түрде тексеруге кеңес берді.
Соңғы уақытта жасанды интеллект арқылы танымал адамдардың бейнесін қолдан жасап, жалған жарнама тарату жағдайлары көбейіп келеді. Мұндай схемалар көбіне әлеуметтік желі қолданушыларын алдап, қаржылық пайда табуға бағытталады.
RUS