SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында өз анасын өлтірді деп айыпталған 67 жастағы ауыл тұрғынына сот үкімі шықты. Ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қайғылы оқиға 6 ақпан күні таңертең Ребровка ауылында болған. Айыпталушы қалаға жиналып жатқан кезде әмияны мен телефонын таба алмай қалған. Осыдан кейін ол 89 жастағы анасына кінә таға бастаған.
Әуелі екеуінің арасында сөзжанжал туындап, кейін ер адам анасына жұдырық ала жүгірген. Сот материалдарына сәйкес, ол қарияның басы мен денесіне бірнеше мәрте соққы жасаған. Кейін тақтай алып ұрғаны айтылды.
Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Айтбаевтың мәліметінше, сараптама кезінде марқұмның денесінен көптеген жарақат анықталған.
«Сот-медициналық сарапшының жауабына сәйкес, жәбірленушінің басына кемінде 19 рет, денесіне кемінде 13 рет соққы жасалған», – деді судья.
Сот барысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған. Оның айтуынша, сол сәтте жүйкесі сыр беріп, адам өлтіру ойы болмаған. Ол айыпты жеңіл бапқа ауыстырып, бас бостандығынан айырмайтын жаза сұраған.
Марқұмның немересі, яғни сотталушының қызы, сотта жәбірленуші тарап ретінде сөз сөйлеп, әкесіне нақты мерзім беруді талап еткен. Оның айтуынша, әкесі бұрын да отбасы мүшелеріне күш көрсеткен.
Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі — «Адам өлтіру» бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жыл жаза өтеуге үкім шығарды.
Туыстарының сөзінше, марқұм қария жасына қарамастан тың болған. Ал ұлы есейгеннен кейін алкогольге әуестене бастаған.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
RUS