SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Ішкі істер министрлігі блогер Қайсар Қамзаға қатысты жағдайға түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, оны Қазақстанға қайтару мәселесі бойынша Бас прокуратурамен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді. Оның айтуынша, блогерге қатысты іздеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің органдары жариялаған.
«Оны Қазақстанға қайтару мәселесі бойынша Бас прокуратурамен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді министрдің орынбасары.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қайсар Қамзаның Вьетнамда ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда блогер кейін тікелей эфирге шығып, қамауға алынбағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, тек паспорты тәркіленген. Сондай-ақ жақын арада Қазақстанға оралуды жоспарлап отырғанын айтқан.
Еске салсақ, 2026 жылдың қаңтарында Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті блогер Қайсар Қамзаны іздеуге жариялаған еді. 1995 жылы туған блогерге қатысты іздеу ісі 10 қаңтар күні тіркелген.
Іздестіру бастамасын Қаржылық мониторинг агенттігі көтерсе, жедел шараларды Астанадағы экономикалық тергеу департаменті жүргізген.
Қайсар Қамза іздеуге жарияланғаннан кейін Instagram Stories парақшасында дастарқан басында түскен суретін жариялап, «Бәрі жақсы» деген қысқа жазба қалдырған болатын.
Әлеуметтік желілерде өзін travel-блогер ретінде таныстыратын Қайсар Қамзаның Instagram парақшасында 2,3 миллионнан астам оқырманы бар.
Айта кетейік, 2025 жылдың тамызында Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз құмар ойындарды жарнамалауға қатысы бар блогерлерді анықтағанын хабарлаған. Сол кезде ведомство Қайсар Қамзаның Telegram-арнасында казиноға тіркелу жолдарын түсіндіретін нұсқаулықтар мен «жеңімпаздар» туралы қойылым видеолар жарияланғанын мәлімдеген еді.
RUS