SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында ірі өрт шығып, қазақстандық жүк көліктері жанып кетті. Оқиға 4 мамыр күні Қытай аумағында болған.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда жалынға оранған фуралар көрінеді. Куәгерлер өрттің «Қорғас» аумағында болғанын жазған.
Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт Қытай тарапының аумағында шыққандықтан, Қазақстанның «101» және «112» жедел қызметтеріне хабар түспеген.
Ал Панфилов аудандық әкімдігі өрт салдарынан 17 қазақстандық фура жанып кеткенін растады. Көліктердің ішінде тауар болған.
Әкімдік өкілдері барлық тергеу және тексеру жұмыстары Қытай тарапы арқылы жүргізілетінін мәлімдеді.
«Өртенген фуралардың жүргізушілері мен иелерін қолдаусыз қалдырмаймыз. Құқықтық және қолдан келген көмекті көрсетеміз», — деп хабарлады аудан әкімдігі.
Қазіргі уақытта өрттің нақты шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.
RUS