SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, продюсер Баян Алагөзова халық әртісі Меруерт Өтекешевамен кездесіп, оған ерекше сый-құрмет көрсетті. Продюсер аңызға айналған Қыз Жібек фильміндегі басты кейіпкер киген тарихи камзолды актрисаға табыстау туралы шешім қабылдаған.
Баян Алагөзова өнер иесін өз үйіне шақырып, оның қазақ мәдениеті мен киносына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Кездесу барысында продюсер актрисаны өзіне үлгі тұтатынын айтып, бағалы сыйлықтар ұсынды. Атап айтқанда, Меруерт Өтекешоваға тон мен гауһар тасты эксклюзив сырға сыйлаған. Бұдан бөлек, Алматының кез келген ауданынан пәтер алып беруге уәде еткен.
Кездесу сәтінің видеосын Баян Алагөзова Instagram парақшасында жариялады. Оның айтуынша, бұл бастаманы жұбайы Тұрсенғали Алагөзов те толық қолдаған. Актриса көрсетілген құрметке толқып, көз жасына ерік берген.
Сондай-ақ, продюсер Меруерт Өтекешоваға «Қыз Жібек» фильміндегі тарихи камзолды қайта табыстады. Актрисаның айтуынша, ол бұл костюмді 56 жылдан кейін алғаш рет көріп отыр. Өнер иесі киімнің осы уақытқа дейін жақсы сақталғанына таң қалғанын жеткізді.
Баян Алагөзованың сөзінше, камзолдың өлшемдері алынып, дизайнер Аида Кауменовамен бірлесіп жаңа киім топтамасын әзірлеу жоспары басталған. Ал тарихи костюмнің алдағы тағдырын Меруерт Өтекешованың өзі шешеді.
Продюсер бұдан бөлек, актриса сомдаған Қыз Жібек образын болашақтағы «Қазақ аруы» байқауының негізгі символдарының біріне айналдыру ниеті барын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова «Қыз Жібек» фильміндегі түпнұсқа камзолдың өзіне тиесілі екенін мәлімдеп, бұл жаңалық қоғамда қызу пікірталас тудырған еді. Кейін продюсер Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге төлеп тұратынын да хабарлаған.
RUS