SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының полицейлері Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы жартастарға жазу қалдырған азаматты анықтады. Енді ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кешенді іздестіру шаралары барысында жартас бетіне жазу жазған адамның Шахтинск қаласының 49 жастағы тұрғыны екені белгілі болған.
Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, ер адам табиғи парк аумағындағы тастарға түрлі жазулар қалдырған. Аталған дерек бойынша оған «Ұсақ бұзақылық» бабы негізінде әкімшілік іс қозғалды. Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.
Полиция табиғи мұра нысандарына зиян келтіру заңмен жазаланатынын еске салып, өңір тұрғындары мен туристерді қоршаған ортаға ұқыппен қарауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Қарқаралы ұлттық паркінің аумағындағы жартастарға «Ирина + Юрий» деген жазудың қашалып жазылғаны туралы ақпарат тараған еді. Осыдан кейін полиция вандализм дерегі бойынша кінәлілерді іздеуге кіріскен.
RUS