SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2019 жылы түрмеде көз жұмған америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнге тиесілі болуы мүмкін қоштасу хаты жария болды. Бұл туралы америкалық The New York Times хабарлады.
Басылым мәліметінше, Нью-Йорк штатындағы Уайт-Плейнс федералдық сотының судьясы Кеннет М. Карасом құжатты құпия мәртебеден шығару туралы шешім қабылдаған. Хат ұзақ жылдар бойы Эпштейннің камераласымен байланысты қылмыстық іс материалдарының арасында сақталған.
Судья бұл қадамға The New York Times газеті құжатты жария ету туралы сотқа өтініш бергеннен кейін барған.
Жарияланған хат «Олар мені айлар бойы тергеді — ештеңе таппады!!!» деген сөздермен басталады. Онда автор өзіне бірнеше жыл бұрынғы оқиғаларға қатысты айып тағылғанын жазған.
Сондай-ақ мәтінде өмірмен қоштасу туралы астарлы ойлар айтылған. Алайда басылым құжаттың түпнұсқа екені толық дәлелденбегенін атап өтті. Дегенмен журналистер хаттағы кейбір тіркестер Эпштейннің электронды хаттарында жиі қолданған сөздеріне ұқсайтынын жазған.
Эпштейннің бұрынғы камераласы Николас Тартаглионе бұл жазбаны 2019 жылдың шілдесінде тапқанын мәлімдеген. Оның сөзінше, сол кезде қаржыгер мойнына мата оралған күйде ес-түссіз жатқан. Эпштейн ол оқиғадан аман қалғанымен, бірнеше аптадан кейін Манхэттендегі түзету мекемесінде өлі күйінде табылған.
Айта кетейік, Джеффри Эпштейннің өлімі әлемдік деңгейдегі ең даулы істердің біріне айналып, түрлі қастандық теорияларының таралуына себеп болған еді.
RUS