SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда 47 жастағы Александр Друздевтің жоғалуы туыстары мен жақындарын алаңдатып отыр. Ер адамды соңғы рет 27 сәуір күні көрген.
Lada.kz басылымының мәліметінше, Александрды оның әпкесі Светлана іздеп жүр. Әйелдің айтуынша, сол күні ер адам металлмен байланысты қосымша жұмыста болған.
Күндіз әріптесі оны Ақтаудағы 3-шағынауданда орналасқан үйіне жеткізіп тастаған. Алайда кешке куәгерлер Александрды ақ түсті Toyota Prado көлігіне отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткенін айтқан.
Кейінірек Александр әпкесіне телефон шалып, Жаңаөзенге вахталық жұмысқа кеткенін хабарлаған.
«Ол бұрын ешқашан вахтаға шықпаған. Үйден аяқ астынан кетті, ешқандай зат алмады. Жаңаөзенде таныстары да жоқ. Ешкімге алдын ала айтпаған», — дейді Светлана.
30 сәуір күні ер адам тағы бір мәрте байланысқа шыққан. Бұл жолы басқа нөмірден хабарласқан Александр өзін нашар сезініп тұрғанын айтып, Жаңаөзен маңындағы бір ауылға жедел жәрдем шақыруды сұраған. Осыдан кейін онымен байланыс толық үзілген.
Содан бері Александр Друздевтің нақты қайда екені белгісіз. Полицияға арыз 1 мамыр күні түскен.
Жоғалған азаматтың бойы шамамен 160-165 сантиметр, көзі көк. Үстінде көк джинс күртеше, қоңыр жолақты жемпір, қара-сұр трико және қара түсті кроссовка болған.
Ер адамның жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан 102 нөміріне немесе туыстары көрсеткен байланыс телефонына хабарласу сұралды.
RUS