SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірнеше өңірінде 8 мамырда ауа райы күрт құбылып, найзағай, бұршақ, дауыл, шаңды жел мен аптап ыстық қатар күтіледі. «Қазгидромет» ел аумағының басым бөлігіне дауылды ескерту жариялады.
Синоптиктердің мәліметінше, Ұлытау, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей аймақтарда қатты жаңбыр, бұршақ пен дауыл болуы ықтимал. Жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Атырау мен Маңғыстау облыстарында да тұрақсыз ауа райы сақталады. Бұл өңірлерде жаңбыр, найзағай және тұман күтіледі. Атырау облысының оңтүстік-шығысында нөсер жаууы мүмкін.
Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында шаңды дауыл болжанып отыр. Сонымен қатар оңтүстік өңірлерде жоғары өрт қаупі сақталады.
Алматы және Жетісу облыстарында күн күрт ысиды. Алматы облысында ауа температурасы күндіз 36 градусқа дейін көтерілсе, Жамбыл облысында 38 градус аптап ыстық күтіледі. Жетісу облысында 8–9 мамыр күндері 35–36 градус ыстық болады деген болжам жасалды.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жел бағыты өзгеріп, екпіні күшейеді. Бұл өңірлерде де жоғары өрт қаупі сақталып отыр.
Астана қаласында 8 мамырда жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Синоптиктер түнгі және таңғы уақытта тұман түсетінін ескертті.
Мамандар тұрғындарды сақ болуға шақырып, әсіресе алыс жолға шығатындар мен далада жұмыс істейтін азаматтарға ауа райы болжамын мұқият бақылауға кеңес берді.
RUS