SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы Ботаникалық бақта кішкентай бала суға құлап кетіп, оқиға куәгерлерін әбігерге салды. Алайда сол сәтте көпшіліктің арасынан егде жастағы ер адам бірден суға секіріп, баланы аман алып шыққан.
Оқиға 7 мамыр күні болған. Куәгерлердің айтуынша, шамамен бес жастағы бала абайсызда суға түсіп кеткен. Бұл туралы әлеуметтік желідегі Threads парақшасында астаналық тұрғын жазды.
Оның сөзінше, айналадағы адамдар алғашында не істерін білмей, абдырап қалған. Сол кезде жасы үлкен азамат еш ойланбастан әрекетке көшкен.
«Тек бір қария ғана кідірместен суға секіріп, баланы құтқарып қалды. Артық сөз де, даңғаза да жоқ — нақты әрекет», – деп жазды куәгер.
Желі қолданушылары да ер адамның батылдығына тәнті болып, оған алғыс жаудырды. Көпшілік мұндай әрекет жасқа байланысты емес екенін айтып, қарияны қазіргі заманның нағыз қаһарманына теңеді.
Куәгердің пікірінше, дәл осындай сәттер адамгершілік пен азаматтық жауапкершіліктің шынайы көрінісін байқатады.
RUS