«Қазцинк» жарылысы: ауыр жараланған жұмысшы Астанаға жеткізілмек
Санитарлық авиация борты Өскеменге арнайы келіп, жарылыстан зардап шеккен жұмысшыларды тексерді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскемендегі «Қазцинк» зауытында болған жарылыстан ауыр жарақат алған жұмысшылардың бірі санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізіледі. Екінші зардап шегушіні тасымалдау мәселесін дәрігерлер қосымша тексеруден кейін шешпек.
Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгін Өскеменге Астанадан санитарлық авиация борты келген. Елордадан барған мамандар қорғасын зауытындағы жарылыстан кейін ауруханаға түскен науқастарды тексерген.
1983 жылы туған Ержан Мұхаметқалиевке «үшінші бел омыртқасының сынуы» диагнозы қойылған. Дәрігерлер оның әуе арқылы тасымалдауға жарамды екенін растаған. Науқасты бүгін Астанадағы Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығына жеткізу жоспарланып отыр.
Ал екінші зардап шегуші — 1980 жылы туған Александр Фарафоновтың жағдайы өте ауыр күйінде қалып отыр. Оның денесінің 90 пайызын термиялық күйік шалған. 9 мамыр күні Өскеменге қайтадан астаналық реаниматолог пен комбустиолог келіп, науқастың жағдайын қайта бағалайды. Осыдан кейін ғана оны санитарлық авиациямен тасымалдау мәселесі қаралады.
Еске салайық, 5 мамыр күні таңертең Өскемендегі «Қазцинк» ЖШС қорғасын зауытының электролиз цехындағы балқыту бөлімінде жарылыс болып, артынан өрт шыққан. Жалын 120 шаршы метр аумақты шарпыса, цех конструкцияларының 220 шаршы метрі опырылған.
Апат салдарынан екі адам қаза тапты. Олар — балқытушы Ержан Камалиев пен жабдық жөндеу шебері Олжас Рамазанов. Тағы бес адам ауруханаға жеткізілген. Үш жұмысшы тексерістен кейін үйіне жіберілсе, екі адам ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылған.
Оқиғадан кейін полиция еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Премьер-министр Олжас Бектенов жағдайды жеке бақылауына алған. Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімі төтенше жағдайды тергеу үшін арнайы комиссия құруды тапсырды.
Материал авторы