SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында бірнеше күн бойы іздестірілген 25 жастағы жігіттің денесі Шалқар көлінің түбінен табылды. Қайғылы оқиға Ұлан ауданында болған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жігіт 1 мамыр күні сапбордпен көлге шыққан. Ол құтқару жилетін кимеген. Осыдан кейін байланыс үзілген.
Іздеу жұмыстары бір аптаға жуық уақытқа созылды. Құтқарушылар көл түбін тексеру үшін 59 рет суға түскен. Мамандардың айтуынша, іздеу жұмыстарына көлдің үлкен тереңдігі айтарлықтай қиындық туғызған.
Құтқару операциясы кезінде эхолоттар қолданылып, су беті қайықтармен тексерілген. Ал жағалау аумағын бақылау үшін дрондар пайдаланылған.
Нәтижесінде сүңгуірлер жігіттің денесін шамамен 20 метр тереңдіктен, жағалаудан 200 метр қашықтықта тапты.
Құтқарушылар суға шыққанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, міндетті түрде құтқару кеудешесін кию қажеттігін тағы да ескертті.
RUS