SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында көлемі тауық жұмыртқасындай бұршақ жауып, бірнеше ауылға айтарлықтай шығын келтірді. Табиғи құбылыс тұрғын үйлердің шатырын, көліктер мен қора-қопсыларды зақымдап, кей елді мекендерді жарықсыз қалдырған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әсіресе Жарма мен Шеңбертал ауылдары қатты зардап шеккен. Жарма ауылында екпінді жел мен ірі мұз кесектері сегіз электр бағанын құлатып, ауыл бір тәулікке жуық жарықсыз отырған. Ал Шеңберталда бұршақ үйлер мен сарайлардың шатырын тесіп, кейінгі нөсер салдарынан кей баспаналарды су баса бастаған.
Ауыл тұрғындары апат салдары ауыр болғанын айтады. Олардың сөзінше, әр аулада дерлік бүлінген мүлік бар.
«Үйімнің шатыры бұршақтан кейін түгел жарамсыз болып қалды. Қазір жауын өтеді, ал алда тағы жаңбыр күтіп тұр», — дейді ауыл тұрғыны Думан Ызаш.
Қазір Ырғыз ауданында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Мамандар табиғи апаттан келген шығын көлемін есептеуде. Соның нәтижесінде тұрғындарға өтемақы беріле ме, жоқ па — белгілі болады.
Жергілікті билік ірі бұршаққа байланысты алдын ала дауылды ескерту түспегенін мәлімдеді.
RUS