9 мамыр күні елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік концерт Амфитеатр сахнасында ұйымдастырылды. Іс-шара Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батырлардың ерлігіне тағзым етуге арналды.
Концерттің басты ерекшелігі – барлық музыкалық шығармалар Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның үрлемелі оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Бағдарламада патриоттық марштар, соғыс кезеңінің атмосферасын жеткізетін әндер мен елдік рухты көтеретін заманауи композициялар шырқалды.

Мерекелік кеште Сәулежан Тағзия, Нұрай Танабаев, Алтыншаш Мұқатаева, Белал Қуаныш, Әділ Сұлтан, Айдын Жұмабаев, Құралай Мейрамбек, Парасат Отан, Медет Салықов, Клара Толенбаева және Бауыржан Исаев өнер көрсетті. Сонымен қатар «Шалқыма» халық би ансамблі де сахнаға шығып, арнайы би қойылымдарын ұсынды.

Кеш барысында көрермендер соғыс жылдарының әндерін бірге шырқап, майдангерлер рухына құрмет көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерттің негізгі мақсаты – жас ұрпаққа ерліктің маңызын насихаттап, тарихи жадыны сақтау.

RUS