SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жаңаөзенде кәмелетке толмаған ұлына көлік тізгінін ұстатқан ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиға әлеуметтік желіге тараған видеодан кейін белгілі болған.
Полицияның мәліметінше, мониторинг барысында жол үстінде баланың жол талғамайтын көлікті басқарып отырған видеосы анықталған. Кадрда оның жанында әкесі отырғаны көрінеді. Тексеру нәтижесінде көлік иесінің жеке басы анықталған.
Белгілі болғандай, ер адам 2014 жылы туған, жүргізуші куәлігі жоқ ұлына көлік басқаруды саналы түрде тапсырған.
Осыған байланысты әкеге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабы 5-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Бұл бап көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға рөлді бергені үшін 50 АЕК көлемінде, яғни 216 250 теңге айыппұл қарастырады.
Бұдан бөлек, қауіпсіздік белдігін пайдалану талабын бұзғаны үшін оған тағы 5 АЕК — 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Көлік айып тұрағына қойылған.
Кейін баланың әкесі әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты көпшілік алдында кешірім сұрады. Ол ұлының әрекетін қателік деп атап, мұндай жағдай қайталанбауы үшін тәрбиелік шаралар жүргізілетінін айтты.
RUS