SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында қоғамды дүр сілкіндірген Жангелдин ауылындағы отбасыны өлтіру ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Күдікті ретінде танылған Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін толық мойындап, қазір Атыраудағы тергеу изоляторында сотты күтіп отыр.
Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталушы төрт адамның өліміне қатысты қылмыстық іс материалдарымен толық танысып, жауап беру барысында кінәсін растаған. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы — «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша айып тағылған.
Бұдан бөлек, іс аясында Қылмыстық кодекстің 188 және 190-баптары — «ұрлық» және «алаяқтық» бойынша да қосымша өндірістер тіркелген. Тергеу нұсқасына сай, күдікті қаза тапқан отбасының малын сатып, олардың банк карталарындағы қаражатты иемденген.
Дереккөздердің мәліметінше, тергеу амалдары толық аяқталған. Іс жақын күндері сотқа жолданады. Алғашқы сот отырысы осы айдың ішінде басталуы мүмкін.
Бұған дейін Атырау облыстық прокуратурасы күдіктінің психологиялық-психиатриялық сараптамадан өткенін хабарлаған еді. Сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев толық есі дұрыс деп танылған. Демек, ол заң аясында толық көлемде жауапкершілікке тартылады.
Айыптардың ауырлығын ескерсек, күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
RUS