SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы «Еуразия» сауда орталығының маңында бойжеткенге қатысты жағымсыз оқиға болды. Қыздың сөзінше, күндіз жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан сәтте екі ер адам қарсы жүрген. Сол кезде олардың бірі кенеттен қыздың кеудесінен ұстап, тоқтамастан ары қарай кетіп қалған.
Жәбірленуші оқиғаның аяқ астынан болғанын айтып, бірден әрекет етуге үлгермегенін жеткізді. Оның үстіне сол сәтте бағдаршам ауысып, әлгі адамдар көзден таса болған. Кейін қыз бұл жағдайдан қатты күйзеліске түскенін және көшеде өзін қауіпсіз сезінбей қалғанын жазды.
Бойжеткен біраз уақыттан соң күдікті деп санаған адамды байқап қалып, оны видеоға түсіріп алған. Кейін жазбаны әлеуметтік желіге жариялап, болған жайтқа қоғам назарын аударған.
Сондай-ақ ол полицияға арыз жазу-жазбау мәселесінде күмән болғанын жасырмады. Алайда өзінің сырт келбеті мектеп оқушысына ұқсайтынын айтып, мұндай әрекет кәмелетке толмаған қыздарға да жасалуы мүмкін деп алаңдайтынын жеткізді.
Астана қалалық полиция департаменті күдіктінің жеке басы жедел анықталғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, ер адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны, яғни ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау камерасына қамалған. Жиналған материалдар сотқа жолданған.
RUS