SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте білім саласына бөлінген миллиардтаған бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталды. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, қылмыстық схеманы бұрын сотталған әйел колонияда отырып басқарған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2018–2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» арқылы жалған оқыту жүйесі ұйымдастырылған. Схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және аффилирленген тұлғалар қатысқан.
Азаматтар оқу орындарына формалды түрде қабылданғанымен, іс жүзінде сабаққа қатыспаған. Соған қарамастан, мемлекеттен білім беру гранттары мен кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында қаржы алынған.
Тергеушілердің мәліметінше, схема жалған қабылдау және жұмысқа орналастыру бұйрықтарын рәсімдеу, электронды цифрлық қолтаңбаларды пайдалану және жалған актілер жасау арқылы іске асқан.
Сонымен қатар, медициналық колледждегі ақылы бөлім студенттерінің бір бөлігі мемлекет есебінен оқып жатқан студенттер ретінде көрсетілгені анықталған.
Ал гуманитарлық-қаржы колледжі іс жүзінде жұмыс істемеген. Ол тек бюджеттен қаржы алу үшін формалды құрылым ретінде пайдаланылған.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,3 миллиард теңгеден асқан.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, схеманы ұйымдастырған әйел соңғы үш жылда бұрынғы жымқыру ісі бойынша түрмеде отырған. Соған қарамастан, ол заңсыз әрекеттерді колониядан басқарып отырған.
Тергеу барысында күдіктілер 65 миллион теңгені ерікті түрде өтеген.
Сот санкциясымен үш пәтерге, оның ішінде Дубайдағы жылжымайтын мүлікке, сондай-ақ үш тұрғын үй мен үш көлікке тыйым салынды.
Қазір екі күдікті қамауда отыр. Тағы үш адамға елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы таңдалған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
RUS