SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының Талғар ауданында 24 жастағы жігіт пышақ жарақатынан қаза тапты. Қайғылы оқиға Нұра ауылында болған.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, марқұм түнгі уақытта інісімен бірге осыдан 10 жыл бұрын қайтыс болған әкесінің қабіріне барып, Құран оқуды жоспарлаған.
Алайда жолда олардың көлігінің алдын есіктері ашық тұрған автокөлік бөгеп қалған. Көлікте үш жас жігіт отырған.
Марқұм мен оның інісі жол беруін сұрағанымен, қарсы тарап дөрекі жауап қайтарған. Осыдан кейін 24 жастағы жігіт көліктен шыққан сәтте күдіктілердің бірі екі қолындағы пышақпен оған шабуыл жасағаны айтылады.
Ауыр жарақат алған жігіт оқиға салдарынан көз жұмған.
Оқиғаға қатысты Алматы облысының полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, 11 мамыр күні Нұра ауылының 24 жастағы тұрғыны ауруханада пышақ жарақатынан қайтыс болған.
Полиция хабарлама түскеннен кейін бірден блокбекеттер қойылып, барлық патрульдік жасаққа бағыттама берілгенін мәлімдеді. Жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа күдікті ретінде марқұмның үш ауылдасы ұсталған.
Қазір аталған факі бойынша «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптарымен қылмыстық істер қозғалды.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу аясында оқиғаға қатысы бар барлық адамның жауабы мен куәгерлердің көрсетулері тексеріліп жатыр.
Алматы облысының полиция департаменті тергеу барысы ерекше бақылауға алынғанын хабарлады.
RUS