SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскемен қаласында өткен футбол ойыны трибунадағы жанжалмен есте қалды. «Өскемен Алтай» мен «Ордабасы» командалары арасындағы матч 10 мамыр күні «Восток» стадионында өтіп, жанкүйерлер арасындағы қақтығыспен қатар өрбіді. Оқиғаға полиция дер кезінде араласып, жағдайды ушықтырмай тоқтатты.
Куәгерлер оқиғаны видеоға түсіріп, кадрлар кейін әлеуметтік желілерде тарады. Жазбадан жанкүйерлер арасында сөзге келу тез арада қақтығысқа ұласқаны байқалады.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жанжалға себеп болғандардың бірі қонақ клубтың өкілдерімен сөзге келіп қалған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкері жағдайды бірден бақылауға алып, жанжалды бастаған азаматты анықтап, тиісті шара қолданған.
Азаматпен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, бұқаралық іс-шаралар кезінде тәртіп бұзу мен арандатушылық әрекеттерге жол берілмейтіні түсіндірілген. Полицияның жедел әрекетінің арқасында жанжалдың одан әрі өршуіне жол берілмеген.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, бұл «Алтай» клубының Премьер-лигадағы 13 жылдық үзілістен кейінгі алғашқы үй матчы болды. Команданың оралуы жанкүйерлердің үлкен қызығушылығын тудырған.
Матч 0:0 есебімен аяқталды.
RUS