Астанада жеңіл рельсті көлік – LRT жүйесіне арналған ауқымды баспасөз туры өтті. Журналистер елордадағы болашақ көлік жүйесінің негізгі нысандарын аралап, оның қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көрді.

Сурет: Kazinform
БАҚ өкілдері «Әуежай», «Астана Арена», «Бәйтерек» және «Нұрлы жол» стансаларында болып, Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысымен танысты. Smartnews.kz хабарлауынша, журналистерге жолаушының билет сатып алуынан бастап, турникеттен өтуі, пойызға отыруы және қауіпсіздік жүйесінің жұмысына дейінгі барлық процесс кезең-кезеңімен көрсетілді.

Сурет: Kazinform
Пресс-тур барысында ерекше назар жүргізушісіз басқарылатын пойыздарға аударылды. LRT құрамдары толық автоматтандырылған режимде қозғалады. Яғни, жылдамдықты реттеу, тежеу, есіктерді ашу және төтенше жағдай кезіндегі әрекеттердің барлығы автоматты жүйе арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар қажет жағдайда қолмен басқару мүмкіндігі де сақталған.
«City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, қазіргі таңда LRT жүйесі барлық негізгі сынақтардан сәтті өткен.

Сурет: Kazinform
– Мамандар рельстерді, стансаларды, жылжымалы құрамдарды, байланыс желілерін, басқару және қауіпсіздік жүйелерін толық тексерді. Қалыптан тыс жағдайлардағы әрекеттер де жан-жақты пысықталды. Бұл жолаушылар қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етеді, – деді ол.
Жоба халықаралық деңгейдегі GoA4 технологиясына негізделген. Бұл – автоматтандырудың ең жоғары деңгейі. Мұндай жүйелер әлемдегі ең сенімді әрі қауіпсіз көлік технологияларының бірі саналады.

Сурет: Kazinform
Smartnews.kz мәліметінше, LRT жолақысы 200 теңге болады. Жеңілдік санатындағы азаматтар үшін жол жүру тегін. Төлемді банк картасы, QR, Apple Pay, Samsung Pay және Face Pay арқылы жасауға мүмкіндік беріледі.
Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде 15 пойыз жүреді, тағы төрт құрам резервте болады. Жүйе 18 станса мен заманауи деподан тұрады. Маршруттың бір шетінен екінші шетіне дейінгі жол шамамен 40 минутқа созылады. Пойыздардың қозғалыс интервалы – 5–6 минут.
LRT пойыздарының тағы бір ерекшелігі – дыбыссыз әрі дірілсіз қозғалысы. Бұған біртұтас рельстер, күшейтілген оқшаулау жүйесі және арнайы резеңкелі доңғалақтар арқылы қол жеткізілген.

Сурет: Kazinform
CTS өкілдерінің айтуынша, жүйе Астананың қатал климатына толық бейімделген. Қыс мезгілінде арнайы қар тазалау техникасы жұмыс істейді, ал эстакаданың дренаж жүйесі толық іске қосылған.
Қазір стансалар ішінде тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал желі бойында абаттандыру мен сырлау жұмыстары аяқталуға жақын. Компания бұл процестер іске қосу мерзіміне әсер етпейтінін мәлімдеді.

Сурет: Kazinform
RUS