SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлытау облысында «Қазақмыс» корпорациясына қатысты тағы бір ірі ұрлық схемасының жолы кесілді. Полиция жанармай ұрлап, оны заңсыз сатып келген қылмыстық топтың әрекетін әшкерелегенін мәлімдеді.
Polisia.kz мәліметінше, 2025 жылдан бері өңірде «Қазақмыс» аумағынан ұрлық жасаған бірнеше қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде келтірілген шығынның 94,5 пайызы өтелген.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, бұған дейін бағалы металдардың үлесі жоғары кен қорытпаларын ұрлаған топ мүшелері де сотталған. Олар жергілікті қылмыстық орта өкілдерінің бақылауымен әрекет еткен.
– Тек биылдың өзінде ірі көлемдегі шығын келтірген төрт ұрлық фактісі ашылды. Ал 7 мамыр күні арнайы мемлекеттік органдармен бірлесіп, компания аумағынан жанармай ұрлаумен айналысқан топтың заңсыз әрекеті тоқтатылды, – деді Қуандық Алпыс.
Тергеу барысында жанар-жағармай материалдарын ұрлауды ұйымдастырды деген күдікпен бірнеше адам ұсталды. Сонымен қатар бір тоннадан астам жанармай, ірі көлемдегі ақша, көліктер, қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленген.
Полиция мәліметінше, ұрлық арнайы техникаларға жалған жанармай құю және құжаттарды қолдан жасау арқылы жүзеге асқан.
Тергеу барысында кейбір күзет құрылымдары қызметкерлерінің де қылмысқа көмектескені анықталған.
Қазір қаржы-шаруашылық құжаттарына талдау жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген шығын көлемі аса ірі мөлшерде болуы мүмкін.
RUS