SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда көшеде болған даулы оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Қыздардың айтуынша, бейтаныс ер адам олардың бірін көпшілік алдында бөксесінен ұрып, кейін әрекетін ақтауға тырысқан.
Оқиға 11 мамыр кешінде Азаттық даңғылы бойында болған. Жұмыстан кейін тротуарда сөйлесіп тұрған екі қызға белгісіз ер адам жақындап келіп, олардың біріне қол жүгірткен.
Жәбірленуші ескерту жасаған сәтте ер адам, куәгерлердің сөзінше, «өздерің арандаттыңдар» деп жауап берген. Тіпті полиция шақырамыз деген сөзден кейін де оқиға орнынан кетпей, маңайда әдейі жүрген.
Кейін қыздар Threads әлеуметтік желісінде сол сәттің видеосын жариялап, жұрт назарын ер адамның әрекетіне аударуды сұрады. Олар мұндай қылықтың келесі жолы ересек адамға емес, балаға қарсы жасалуы мүмкін екенін айтып алаңдаушылық білдірді.
«Құрбым жүкті. Біз жай ғана жұмыстан кейін сөйлесіп тұрғанбыз. Сонда көшеде сөйлесу енді “арандату” болып қалғаны ма?» — деп жазды видео авторы.
Қазіргі уақытта «Ақ Жайық» редакциясы Атырау облыстық полиция департаментіне ресми сауал жолдаған. Әзірге құқық қорғау органдары тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.
Оқиға желі қолданушылары арасында қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, әйелдерге қатысты әдепсіз әрекеттер және жауапкершілік мәселесін қайта көтерді.
RUS