SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлытау облысының Қаражал қаласында психоневрологиялық есепте тұрған әрі жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтың мектеп автобусын тізгіндеп жүргені анықталды. Бұл деректі қала прокуратурасы әшкереледі.
Тексеру барысында ер адамның психоневрологиялық ауру бойынша диспансерлік есепте тұрғаны белгілі болған. Дәрігерлер оған «жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі» диагнозын қойған. Бұдан бөлек, ол бала кезінен мүгедектігі бар азамат ретінде тіркелген және есту қабілетіне байланысты екінші топ мүгедектігіне ие.
Соған қарамастан, ол Қаражалдағы жалпы білім беретін мектептердің біріне жүргізуші болып жұмысқа қабылданып, «ПАЗ-423470» маркалы мектеп автобусымен оқушыларды тасымалдап келген.
Прокуратура мәліметінше, аталған азамат бұған дейін сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылған. Яғни оның көлік басқаруға заңды құқығы болмаған.
Қадағалау органы бұл жағдай 129 оқушының өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіргенін мәлімдеді. Өйткені жүргізуші жолдағы дыбыстық белгілерді толық қабылдай алмауы және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету қабілетінің шектеулі болуы ықтимал апат қаупін арттырған.
Тексеру кезінде мектеп басшылығы мен жүргізуші арасында жақын туыстық байланыс бар болуы мүмкін деген мүдделер қақтығысының белгілері де анықталған.
Прокурорлық қадағалау актісінен кейін жүргізуші мектеп автобусын басқарудан шеттетілді. Ал жауапты лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
RUS