SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Құлсарыдағы автогаз құю стансасында болған жарылыстың нақты себептері белгілі болды. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қайғылы оқиғадан кейін өңірдегі 31 газ құю бекетін тексеріп, үш нысанда өрескел қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын анықтады.
Тексеру барысында қысыммен жұмыс істейтін резервуарлардың автожолдарға шамадан тыс жақын орналастырылғаны белгілі болған. Мамандардың айтуынша, мұндай резервуарлар қала аумағындағы жолдардан кемінде 20 метр, ал тұрғын үйлерден кемінде 60 метр қашықтықта орналасуы тиіс.
Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Сырым Жаймағамбетовтің мәліметінше, кәсіпкерлерге жерүсті резервуарларын жер астына көшіру үшін қосымша уақыт берілген. Алайда мұндай жобалар міндетті түрде ТЖД-мен келісіліп жүзеге асырылуы керек.
«Егер қысымдағы резервуар жер астына орналастырылса, онда тұрғын үйлерге дейінгі арақашықтық кемінде 35 метр болуы тиіс», – деді ол.
Қазір Атырау облысында автогаз құю саласында 42 компания жұмыс істейді. Өңірде қысыммен жұмыс істейтін 237 резервуар тіркелген. Оның бір бөлігі газ сақтау және құю бекеттерінде орналасқан.
Мамандардың мәліметінше, 30 жылдан астам пайдаланылған жанармай резервуарлары аса қауіпті нысандар қатарына жатады және жыл сайын тексеруден өтеді. Ал пайдалану мерзімі қысқа нысандар үш жылда бір рет бақылауға алынады. Қазіргі таңда облыста қауіпті деп танылған шамамен 20 резервуар анықталған. Олар Атырау қаласында, сондай-ақ Жылыой және Индер аудандарында орналасқан.
Төтенше жағдайлар департаменті өткен жылдың 30 мамырында Құлсарыдағы «Ниет» жанармай бекетінде болған жарылыстың себебін де жариялады. Сол қайғылы оқиғада ерлі-зайыпты қаза тапқан еді.
Мекеме мәліметінше, резервуардың жоғарғы бөлігінде артық қысымды шығаратын арнайы сақтандыру клапаны орнатылған. Алайда қысым шамадан тыс көтерілген сәтте клапан іске қосылмай, ақыры жарылыс болған.
Қазір бұл іс сотта қаралып жатыр. Мамандардың айтуынша, әрбір нысанда өндірістік бақылау мен қауіпсіздік талаптарына жауап беретін арнайы қызметкер болуы міндетті.
Жарылыстан кейін Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Жылыой ауданындағы 20-дан астам жанармай құю стансасына жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде көптеген заңбұзушылық анықталып, нысан иелеріне 22 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
СЭБ департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакованың айтуынша, тексерілген барлық нысанда санитарлық-қорғау аймағына қатысты бекітілген құжаттар болмаған.
«Санитарлық-қорғау аймағы ресми бекітіліп, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынуы тиіс. Бірақ бірқатар нысанда мұндай құжаттар мүлде болмаған», – деді ол.
Мамандардың мәліметінше, әр жанармай құю бекетінің санитарлық-қорғау аймағы кемінде 100 метр болуы қажет. Бұл аумақта тұрғын үйлер, демалыс орындары мен балалар мекемелерін орналастыруға тыйым салынады.
Қазір Жылыой ауданындағы барлық нысанға талаптарды орындау жөнінде ұсыным берілген. Станса иелері жобалық құжаттарды әзірлеп, қажетті рұқсаттарды рәсімдеп жатыр. Барлық талап шілде айына дейін орындалуы тиіс.
Бұдан бөлек, жанармай құю стансалары жылына екі рет санитарлық-қорғау аймағындағы ауа сапасына зертханалық талдау жүргізіп, өндірістік бақылау есебін тапсыруы міндетті. Алайда кейбір нысандар бұл талаптарды әлі күнге дейін орындамаған.
RUS