SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда жеті жасар қыздың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сотталған мүсіншіге шығарылған үкім қайта қаралатын болды. Кассациялық сот оның жазасын жойып, істі жаңадан қарауға жіберді. Енді қайғылы оқиға үшін әкімдік қызметкерлерінің де жауапкершілігі тексерілуі мүмкін.
Қайғылы жағдай 2024 жылдың маусымында Атыраудағы Жеңіс саябағында болған. Жаңбырдан паналаған адамдардың үстіне тас ескерткіш құлап кеткен. Оқиға салдарынан жеті жасар қыз бен оның әкесі ауыр жарақат алды. Ер адам аман қалғанымен, бүлдіршін ауруханада көз жұмды.
Осыдан кейін Атырау соты ескерткіш авторы – мүсінші Баймұқашевті кінәлі деп танып, оны 18 айға бас бостандығынан айырған еді. Мүсінші шамамен бір жарым жыл қамауда отырды. Алайда қорғаушы тарап үкіммен келіспей, істі кассациялық сотқа дейін жеткізді.
Апелляциялық және кассациялық сатыларда адвокаттар ескерткіштің күтімсіз қалғанын алға тартқан.
«Ескерткіш 1920 жылдан бері тұрған. Оның құлауына бақылаудың болмауы себеп болды. Орнатып қойғаннан кейін ешкім қарамаған. Ал жауапты кім? Әкімдік», – деді адвокат Талғат Дәулетов.
Астана қаласының кассациялық соты адвокаттардың уәжін ішінара қолдап, бұрынғы үкімнің күшін жойды. Сот енді әкімдік өкілдерінің де жауапкершілігін қарастыру қажет деген қорытындыға келген.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот алқасының судьясы Азамат Тілеповтің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар ескерткішті орнатуға тікелей қатысқан әрі оның қауіпсіз пайдаланылуын бақылауға міндетті болған.
Соған қарамастан, мүсінші жаңа сот процесі басталғанға дейін қамауда қала береді.
Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Өйткені көпшілік ескі әрі қараусыз қалған ескерткіштің құлауына бір ғана авторды жауапты ету әділетсіз деген пікір білдірген.
RUS