SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының Түрген ауылында рөлге отырған жасөспірім 12 жастағы баланы қағып кетіп, оқиға орнынан жасырынған. Көлікте 11-сыныпта оқитын бес оқушы болған.
Оқиғадан кейін жасөспірімдердің бірі көлікті көзден таса жерге апарып жасырмақ болған. Ал қалғандары зардап шеккен баланы жарты сағаттай ұстап отырып, болған жайт туралы ешкімге айтпауын талап еткен. Тіпті қорқытып, қысым көрсеткені айтылады.
Кейін олар жарақат алған баланы мектептегі мұғалімге апарып, оны мопед қағып кеткенін айтқан.
Алайда полиция оқиғаға қатысы бар жүргізушіні жедел анықтады.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 12 жастағы баланы көлік қағып кеткені туралы хабарлама түскен бойда тәртіп сақшылары күдіктіні анықтау және ұстау шараларын дереу бастаған.
Қазір іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицияның хабарлауынша, түпкілікті процессуалдық шешім зардап шеккен бала ауруханадан шыққаннан кейін және медициналық қорытынды алынған соң қабылданады.
Бұл оқиға қоғамда кәмелетке толмағандардың көлік басқаруы мен жасөспірімдер арасындағы жауапкершілік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
RUS