SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек депутаттардың қазіргі жалақысы барлық шығынды жабуға жетпейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, әсіресе көпбалалы халық қалаулылары үшін ай сайынғы табыс жеткіліксіз. Бұл туралы NUR.KZ жазды.
Үкімет кулуарында журналистер депутаттардың жалақысын көтеруге салынған мораторийдің алыну ықтималдығы туралы сұрақ қойған. Бұған жауап берген Базарбек қазіргі экономикалық жағдайда мұндай мәселені көтеру орынсыз екенін айтты.
«Алдағы бес жылда бұл тақырып күн тәртібіне шықпайды деп ойлаймын», – деді депутат.
Сонымен қатар ол қазіргі депутаттық айлықтың тұрмысқа толық жетпейтінін ашық мойындады. Мәжілісменнің сөзінше, кейбір депутаттардың отбасында бес-алты баладан бар, ал олардың балабақша, үйірме мен күнделікті шығындары қомақты қаражатты талап етеді.
«500-700 мың немесе 800 мың теңге кімге жетеді? Кейбір депутаттардың бес-алты баласы бар. Баланы балабақшаға, секцияларға апару керек. Тек балаларға кететін шығынның өзі 300 мың теңгеге барады. Азық-түлік бағасы өсіп жатқанын ескерсек, миллион теңге де жетпейді», – деді ол.
Бақытжан Базарбек өзі шамамен 900 мың теңге жалақы алатынын айтып, бұл қаржының жеке өзіне де жеткіліксіз екенін жеткізді. Сол себепті жұбайынан жұмысқа шығуын сұрағанын айтты.
Депутаттың бұл мәлімдемесі әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Көпшілік халықтың орташа табысымен салыстырғанда мәжілісмендердің шағымын сынға алды.
RUS