SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қытайдан арзан көлік әкелген мыңдаған қазақстандық күтпеген мәселеге тап болды. Бір жыл бұрын заңды түрде рәсімделіп, кеденнен өткізілген автокөліктер үшін енді жүргізушілерге миллион теңгеге дейін қосымша қарыз есептеліп жатыр. Кейбірінің шоты алдын ала ескертусіз бұғатталған. Мәселе туралы Информбюро жеткізді.
Алматы тұрғыны Нариман Сәндібек былтыр Қытайдан BYD Destroyer 05 маркалы гибрид көлігін 7,5 миллион теңгеге сатып алған. Оның айтуынша, барлық кедендік рәсім заңға сай жүргізіліп, көлік мемлекеттік тіркеуден де өткен. Алайда арада бір жыл өткенде жеке кәсіпкерлік шоты бұғатталып, қосымша бір миллион теңге төлеу талабы қойылған.
«Заң бойынша қажет төлемнің бәрін төледім. Кеденнен де заңды өткіздім. Енді аяқ астынан тағы қарыз шығып отыр. Мұны түсінбеймін», – дейді ол.
Осындай жағдайға тап болғандар аз емес. Жүргізушілердің айтуынша, мәселе негізінен BYD Destroyer 05 көліктеріне қатысты туындаған. Ел бойынша мұндай жағдайға ұшырағандардың саны бес мыңға жуықтауы мүмкін.
Көлік иелері жеңілдікпен рәсімдеу үшін арнайы тексеруден өтіп, барлық қажетті құжатты тапсырғандарын айтады. Олардың сөзінше, арнайы комиссия көліктің талапқа сай екенін растағаннан кейін ғана кедендік рәсімдеу нөлдік мөлшерлемемен жүргізілген.
Алматы тұрғыны Жасұлан Әбуғалиевтің айтуынша, құжаттарды тексерген мамандар өздері рұқсат берген.
«Барлық құжатты тапсырдық. Мамандар көлікті қарап, қорытынды шығарды. Сол шешім негізінде кеден рәсімі өтті», – дейді ол.
Ал тағы бір жүргізуші Дәулет Әшімхан жеңілдікке қатысты құжаттардың мерзімі 2027 жылға дейін жарамды болуы тиіс болғанын айтады. Бірақ кейін бұл шешім күшін жойып, көлік иелеріне кері күшпен айыппұл салына бастаған.
Ал Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жүргізушілердің кедендік жеңілдікті заңсыз пайдаланғанын мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің сөзінше, үш жылдық кедендік бақылау барысында тауар кодтарына қатысты заңбұзушылық белгілері анықталған.
Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық тексерулер бөлімінің басшысы Ержан Шадыровтың айтуынша, кей көлік иелері кедендік баж салынбайтын кодтарды пайдаланған.
«Әр тауардың өз коды бар. Кей кодтарға кедендік баж салынады, кейбіріне салынбайды. Бұл жағдайда баж алынбайтын код қолданылған», – деді ол.
Алайда жүргізушілер мұндай рәсімге бастапқыда мемлекеттік органдардың өзі рұқсат бергенін алға тартып отыр. Сондықтан олар бұғатталған шоттарды ашып, негізсіз есептелген қарыздарды жоюды талап етуде.
RUS