SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда жедел жәрдем фельдшеріне қатысты дау қоғамда қызу талқыға түсті. Қала тұрғыны медицина қызметкерін тиіспек болды деп айыптаса, фельдшер керісінше өзіне жала жабылғанын айтып, қарсы арыз жазған.
Оқиға туралы жазба әлеуметтік желіде жарияланды. Алматы тұрғынының айтуынша, 14 мамырға қараған түні денсаулығы сыр берген соң жедел жәрдем шақырған.
Қыздың сөзінше, шақыртуға келген фельдшер медициналық тексеру сылтауымен интим сипаттағы әрекеттер жасаған.
«Полиция шақыру үшін телефонды алғанымда, ол тартып алып, мені пәтерде ұстап қалуға тырысты. Айқайымды естіген көршілер жүгіріп келіп, солар құтқарды», – деп жазды ол.
Жәбірленуші бұл қызметкердің Алмалы ауданындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығында жұмыс істейтінін айтты. Сондай-ақ полицияға арыз түсіріп, істің жария болуына күш салатынын жеткізді.
Әлеуметтік желідегі жазба тез таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көпшілік оқиғаға мұқият тексеру жүргізіп, медицина қызметкерінің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді.
Полицияның хабарлауынша, Жетісу аудандық полиция басқармасы әлеуметтік желідегі жарияланымға байланысты барлық мән-жайды анықтап жатыр. Егер қыздың айтқандары расталса, заң аясында шара қабылданады.
Алайда Алматының жедел медициналық жәрдем қызметі бұл айыптауларды жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, ішкі қызметтік тексеріс барысында фельдшердің пациентке тиіскені расталмаған.
Жедел жәрдем қызметі таратқан мәліметте фельдшер пациентке бекітілген медициналық хаттамаларға сәйкес алғашқы көмек көрсеткені айтылған. Сонымен қатар оған ауруханаға жату ұсынылғанымен, әйел бас тартқан.
Медицина қызметкерлерінің сөзінше, жүрекке қатысты патологияны жоққа шығару үшін пациентке электрокардиография жасалған. Кейін шақырту туралы ақпарат тіркелген емханаға жіберілген.
Жедел жәрдем қызметі тағы бір жайтты мәлімдеді. Олардың айтуынша, пациенттің «адекватсыз әрекетіне» байланысты фельдшердің өзі 102 нөміріне хабарласып, полиция шақырған.
Сондай-ақ фельдшер әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жала деп есептеп, ар-намысын қорғау туралы арыз түсірген.
Қазір оқиғаның нақты мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.
RUS