«Маған қысым көрсетті»: Арызданған қыз уақытша ұстау изоляторында қаза тапты
Шымкенттегі резонансты іс бойынша барлық қатысушылардың жауабы қайта тексеріліп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында 23 жастағы бойжеткеннің қаза болуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұған дейін ол өзіне қысым көрсетіліп, тиісу әрекеті болғанын мәлімдеген. Қазір оқиға бойынша бірнеше қылмыстық іс аясында тергеу жүріп жатыр.
Адвокат Мұхаммад Алиосман Оглының айтуынша, бойжеткен танысының шақыруымен жастар жиналған үйге барған. Үйдегілердің алкогольдік ішімдік ішкені айтылды. Қорғаушының сөзінше, сол жерде жігіттердің бірі қызды еркінен тыс жақын қатынасқа көндірмек болып, оған тиісуге әрекеттенген.
Адвокаттың мәліметінше, қыз қарсылық көрсетіп, сыртқа жүгіріп шыққан. Қауіптенген ол құрбыларына геолокациясын жіберіп, полиция шақыруды сұраған. Кейін далада ер адамдар арасында жанжал туындап, бойжеткен оны видеоға түсірген көрінеді. Қорғаушының айтуынша, кадрда қатысушылардың бірінің қолында пышақ болған әрі «оны пышақтамайынша кетпеймін» деген сөз естілген.
Полиция келген кезде үйден пышақ жарақатын алған жасөспірім табылған. Осыдан кейін бойжеткен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталған.
Адвокат оған үйқамақ не кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын сұрағанымен, сот өтінішті қанағаттандырмаған. Нәтижесінде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін сол жерде оның денсаулығы күрт нашарлаған.
Ал Шымкент полиция департаменті оқиғаның өз нұсқасын жариялады. Ресми мәлімет бойынша, қыз 2 мамырға қараған түні ойын-сауық орнынан кейін танысының үйіне барған. Тергеу дерегінше, сол жерде бойжеткен мен кәмелетке толмаған жасөспірім арасында жанжал шығып, кейін оған пышақ жарақаты салынған.
Полиция күдікті ұсталған кезде мас күйде болғанын, ал денесінен жарақат анықталмағанын хабарлады.
Сондай-ақ ведомство қыз өзіне қарсы заңсыз әрекеттер жасалды деген шағымды қамауға алынғаннан кейін он күн өткен соң айтқанын мәлімдеді. Тергеушілер үйде болған адамдардан жауап алынғанын, олардың сөздері күдіктінің мәлімдемесін растамағанын жеткізді. Соған қарамастан, бұл арыздар да сотқа дейінгі тергеу аясында тексеріліп жатыр.
Тергеу соты бойжеткенді екі айға қамауға санкция берген.
15 мамырға қараған түні ол камералас әйелдерге өзін нашар сезініп тұрғанын айтқан. Кейін жедел түрде ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше сағаттан соң көз жұмды.
Полицияның алдын ала болжамынша, өлімге дәрілік препараттан улану себеп болуы мүмкін. Қазір өлім фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, уақытша ұстау изоляторындағы ұстау тәртібінің сақталуына қатысты да жеке тергеу басталған.
Шымкент полиция департаменті істің барлық мән-жайы жан-жақты әрі объективті тексерілетінін мәлімдеді.
Материал авторы