«Бәйтерек» түбінде шампан шашқан блогерге айыппұл салынды
Instagram үшін түсірілген видео үшін блогер жазаланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада блогер қыз тренд видео түсіремін деп «Бәйтерек» маңында шампан шашып, айыппұл арқалады.
Оқиға 2026 жылғы 27 сәуірде түнгі сағат 01:00 шамасында Нұржол бульварында болған. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар сотының мәліметінше, әйел адам қоғамдық орында шампан бөтелкесін ашып, ішімдікті жерге төккен.
Сотта ол кінәсін толық мойындап, әрекетін әлеуметтік желіге арналған тренд видео түсірумен байланыстырған. Айтуынша, түсірілімнен кейін қоқысты жинап кеткен.
Іс материалдарында құқық бұзушылықты блогердің өз мойындауы, полиция инспекторының рапорты, әкімшілік хаттама және Instagram-да жарияланған видео дәлелдегені көрсетілген.
Сот бұл әрекетті қоғамдық орынды ластау деп таныды. Әкімшілік кодекстің 434-2-бабы 1-бөлігіне сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл немесе 40 сағат қоғамдық жұмыс қарастырылған.
Алайда қоғамдық жұмыс тек құқық бұзушының келісімімен тағайындалады. Блогер қоғамдық жұмысқа келіспегендіктен, сот оған 43 250 теңге көлемінде айыппұл салды.
Материал авторы