ҰБТ жауаптарын сатамыз дегендерге Ұлттық тестілеу орталығы мәлімдеме жасады
Желіде ҰБТ жауаптары тарап кетті деген ақпарат пайда болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ төңірегінде тарап жатқан жалған «жауаптар» мен күмәнді ұсыныстарға байланысты талапкерлерге ресми ескерту жасады.
Орталық мәліметінше, әлеуметтік желілерде «ҰБТ-дан өткізіп береміз», «грант алып береміз» немесе «тест жауаптарын сатамыз» деген хабарламалар көбейген. Алайда мамандар мұндай ұсыныстардың барлығы алаяқтық екенін мәлімдеді.
Ұлттық тестілеу орталығы әр талапкерге жеке тест нұсқасы жасалатынын еске салды. Сондықтан интернетте таралып жүрген «сливтер» мен дайын жауаптардың нақты ҰБТ тапсырмаларына еш қатысы жоқ.
Ведомство тест материалдарын заңсыз тарату және осындай арналардың жұмысы анықталған жағдайда құзырлы органдармен бірге тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады.
Сондай-ақ тест тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығының зияткерлік меншігі екені атап өтілді. Оларды рұқсатсыз жариялау немесе тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеледі.
Орталық талапкерлерді тек өз біліміне сенуге шақырып, академиялық адалдық қағидаларын сақтауға үндеді.
Материал авторы