753

Танымал журналист «Президент реформалары» атты деректі фильмін жариялады

Жаңа деректі фильмде Қазақстандағы саяси және әлеуметтік өзгерістер жүйелі түрде талданған.

Танымал журналист «Президент реформалары» атты деректі фильмін жариялады
Erbolat Muhamedjan / YouTube

Танымал журналист Ерболат Мұхамеджанның «Президент реформалары» атты саяси-аналитикалық деректі фильмі YouTube платформасында жарық көрді.

Фильм 2019 жылдан кейін Қазақстанда басталған саяси, құқықтық, әлеуметтік және экономикалық реформалардың ішкі логикасын талдауға арналған. Автор реформаларды жай хронология немесе есеп ретінде емес, мемлекеттің жаңа басқару архитектурасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі трансформация ретінде қарастырады.

Деректі фильм жеті негізгі бөлімнен тұрады. Онда еститін мемлекет және қоғамдық диалог, саяси жаңғыру, Конституциялық реформа, заң үстемдігі, әлеуметтік саясат және адами капитал, экономика мен инфрақұрылым, сондай-ақ егемендік пен сыртқы саясат мәселелері қамтылған.

Фильмнің басты ерекшелігі – тақырыпты артық пафоссыз, саяси-аналитикалық форматта жеткізу. Жоба мақсаты – 2019 жылдан бергі реформалардың мәнін, өзара байланысын және қоғам өміріне әсерін жүйелі түрде түсіндіру.

Автордың айтуынша, фильм реформаларды мадақтау немесе сынау мақсатында емес, соңғы жылдары жүріп жатқан өзгерістерді салқынқанды, дерекке сүйенген және түсінікті тілмен талдауға бағытталған.

Ерболат Мұхамеджан бұған дейін «Уәде» жобасы арқылы мемлекеттік органдардың халық алдындағы уәделері мен Президент тапсырмаларының орындалуын жүйелі түрде көтеріп келген. Жаңа деректі фильм осы бағыттағы саяси-аналитикалық жұмыстың жалғасы ретінде ұсынылып отыр.

«Президент реформалары» фильмі Ерболат Мұхамеджанның YouTube арнасында қолжетімді.