630

Астанадағы LRT қозғалысына жолаушылар өздері кедергі келтірген

Пойыз есіктерін күштеп ашпақ болғандар камераға түсіп қалды.

Астанадағы LRT қозғалысына жолаушылар өздері кедергі келтірген
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада әлеуметтік желілерде LRT пойыздарының қозғалысы тоқтап қалғаны түсірілген видеолар тарады. Қалалық көлік жүйесіне жауапты CTS компаниясы жағдайға жолаушылардың өздері себеп болғанын мәлімдеді.

Компанияның хабарлауынша, кейбір азаматтар қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзған. Атап айтқанда, жолаушылар ешқандай қажеттіліксіз станса платформасындағы шұғыл тежеу батырмасын басқан. Сонымен қатар вагон ішіндегі платформалық есіктерді төтенше жағдайда ашуға арналған тетіктер іске қосылған.

CTS мәліметінше, кейбір адамдар пойыз есіктерін күштеп ашуға әрекеттеніп, тіпті есік жабылуына әдейі кедергі келтірген. Олар қолдарын есік арасына тығып, автоматтандырылған жүйенің қалыпты жұмысына бөгет жасаған.

Компания LRT желісі толық автоматтандырылғанын еске салды. Сондықтан кез келген осындай әрекет жүйе тарапынан қауіп ретінде қабылданып, пойыз қозғалысының уақытша тоқтауына әкеледі.

Сондай-ақ CTS өкілдері LRT желісінің жоғары кернеумен жұмыс істейтінін айтып, жолаушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Қажет жағдайда пойыз ішіндегі оператор ғана электр қуатын ажыратқаннан кейін есікті аша алады.

Компания тәртіп бұзғандарды бейнебақылау камералары арқылы анықтап жатқанын мәлімдеді. Стансалар мен вагон ішіндегі камераларға тіркелген деректер құқық қорғау органдарына жолданбақ.

CTS мұндай әрекеттер жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, елордадағы LRT жүйесінің тұрақты жұмысына кері әсер ететінін атап өтті.

Материал авторы