520

Алматы облысында әйелін қағып өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды

Әлеуметтік желілерде полиция қызметкері әйелін қағып кетті деген ақпарат тарады.

Алматы облысында әйелін қағып өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды
Рolisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының Балқаш ауданында әйелдің қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, полиция бөлімінің басшы орынбасары қызметтік көлікпен өз әйелін қағып кеткен болуы мүмкін деген мәлімет қызу талқылануда.

Облыстық полиция департаменті өлімге әкелген жол апаты болғанын растады. Ведомство мәліметінше, оқиғаға байланысты 37 жастағы ер адам ұсталған.

Полицияның хабарлауынша, әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Қазіргі таңда қылмыстық іс аясында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

«Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары қолға алынды», – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Сонымен қатар ведомство тергеу барысы облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Алайда құқық қорғау органдары күдіктінің расымен полиция қызметкері екені туралы ақпаратты әзірге не растаған жоқ, не жоққа шығармады. Тергеу құпиясына байланысты өзге мәліметтер жарияланбайтыны айтылды.

Әлеуметтік желілерде тараған мәлімет қоғамда үлкен резонанс туғызды. Оқырмандар құқық қорғау органдарынан істің ашық әрі әділ тергелуін талап етуде. 

Материал авторы