712

«Жауап бермеуге құқығыңыз бар»: Атыраудағы резонансты сотта Сұлтан Сәрсемәлиев үнсіз қалды (ВИДЕО)

Қылмыстық іс аясында кісі өлтіруден бөлек ұрлық пен алаяқтық белгілері бойынша да тергеу жүргізілген.

«Жауап бермеуге құқығыңыз бар»: Атыраудағы резонансты сотта Сұлтан Сәрсемәлиев үнсіз қалды (ВИДЕО)
Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда соңғы жылдардағы ең резонансты қылмыстық істердің бірі бойынша сот процесі басталды. Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің қазасына қатысты іс бойынша алғашқы ашық отырысқа туған-туыстар, журналистер мен тыңдаушылар көп жиналып, сот залы лық толды. Бұл туралы АқЖайық басылымы жазды. 

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан процеске 40 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев айыпталушы ретінде қатысып жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол жұбайының төрт туысын — қайын атасы мен қайын енесін, сондай-ақ әйелінің бауыры мен әпкесін өлтірді деп күдікке ілінген.

Істі өңірдегі ең шулы әрі ауыр қылмыстық процестерді қараумен танылған судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр.

Айыпталушыны сот залына конвой алып кірген кезде журналистердің бірі оның өзіне тағылған айыппен келісетін-келіспейтінін және кінәсін мойындайтынын сұрады. Алайда қорғаушысы араласып, оның жауап бермеуге құқығы бар екенін ескертті. Сәрсемәлиев бұл сауалға жауап қатпады. Сот процесі ашық режимде өтіп жатыр.

Қазір Сұлтан Сәрсемәлиев Атыраудағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Тергеу мәліметінше, ол төрт адамның өліміне қатысты кінәсін мойындаған.

Нұсқа бойынша, отбасының үлкен мүшелерінің мәйіттері үй маңындағы сарайға жасырын көмілген күйде табылған. Ал екі кіші туысы айыпталушы бұрын әйелі және балаларымен тұрған уақытша баспананың маңына жерленген деген болжам бар.

Сәрсемәлиевке Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы — «Екі немесе одан көп адамды өлтіру» бойынша айып тағылған. Бұдан бөлек, іс аясында 188-бап («Ұрлық») және 190-бап («Алаяқтық») бойынша да тергеу жүргізілген. Әңгіме қаза тапқан отбасының малын сату және олардың банк карталарындағы қаражатты иемдену туралы болып отыр.

Бұған дейін облыстық прокуратура психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев толық есі дұрыс деп танылғанын хабарлаған. Бұл оның қылмыстық жауапкершілікті толық көлемде көтере алатынын білдіреді.

Тағылған айыптар дәлелденсе, күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алғашқы сот отырысының өзі бұл іске қоғам назарын бәсеңдетпегенін көрсетті.

Материал авторы