«Мені осыған жеткізді»: Сұлтан Сәрсемәлиев неге әйелінің отбасын өлтіргенін ашып айтты
Туыстар араласқан жанжал қанды қылмысқа ұласты ма? Сәрсемәлиев сотта сөз сөйледі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында өтіп жатқан резонансты сот процесінде төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев қылмысқа не себеп болғанын айтып берді.
Сот отырысында айыпталушы бұрынғы жұбайының туыстары олардың отбасылық өміріне үнемі араласқанын алға тартты. Оның сөзінше, әйелінің жақындары екеуін ажыратуға тырысқанымен, олар бірге өмір сүруді жалғастырған.
Сұлтан Сәрсемәлиев сондай-ақ жұбайы мен бес баласын өзінен тартып алмақ болды деп мәлімдеді. Айыпталушы туыстары тарапынан ауыр сөздер айтылғанын айтып, осының бәрі өзін қылмысқа итермелегенін жеткізді.
«Әйелімнің туыстары біздің отбасымызға араласып, ажырасуымызды қалады. Бірақ біз айырылғымыз келген жоқ. Соған қарамастан, олар тоқтамады. Әйелімді және бес баламды тартып алмақ болды. Осы жағдай мені осындай қылмысқа жеткізді. Ақыры адамдық қасиетімнен айырылып қалдым», — деді ол сотта.
Қазіргі уақытта іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ашық форматта қаралып жатыр. Сот процесіне судья Зарема Хамидуллина төрағалық етуде.
Тергеу деректеріне сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиевке Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы — «Екі және одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша айып тағылған. Бұдан бөлек, іс аясында ұрлық пен алаяқтыққа қатысты 188 және 190-баптар да тіркелген. Әңгіме марқұмдардың малын сату және банк карталарын пайдалану деректеріне қатысты болып отыр.
Еске салсақ, 2025 жылдың соңында Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан бір отбасы із-түзсіз жоғалған еді. Кейін 2026 жылғы 6 қаңтарда ерлі-зайыптылардың денесі шаруашылық құрылыстарының бірінен табылды.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамыр айында қаза тапқан. Ал отбасының қалған үш мүшесі қараша айында көз жұмғаны анықталған.
2026 жылғы 9 қаңтарда бұл іске күйеу бала Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті ретінде іздеуге жарияланды. Кейін ол Индонезия аумағында ұсталып, наурыз айында Қазақстанға экстрадицияланған.
Прокуратура бұған дейін отбасы мүшелерінің бірі Ақбаян Мұқанғалиеваның қылмысқа қатысы жоқ екенін хабарлап, оған қатысты қылмыстық қудалаудың тоқтатылғанын мәлімдеген болатын.
Материал авторы