Шымкентте балалар жолаушылар отырған автобусқа тас атқылаған
Жүргізушінің айтуынша, тас лақтырғандар шамамен 10-11 жастағы балалар болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте қоғамдық көлікке тағы да шабуыл жасалды. Бұл жолы белгісіздер Таскешу тұрғын алабына қатынайтын №149 автобусқа тас лақтырып, көліктің есік әйнегін сындырған.
Оқиға кешкі уақытта болған. Сол сәтте автобус ішінде жолаушылар отырған. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген.
Бағыт жүргізушісі Макипбек Райымбековтің айтуынша, тас лақтырғандар жасөспірімдер болуы мүмкін.
«Кешкі уақытта тарс еткен дыбыс шықты. Автобусты тоқтаттым, бірақ ешкім көрінбеді. Шамамен 10-11 жастағы балалар сияқты. Ең қорқыныштысы — тас біреудің басына тиіп кетуі мүмкін еді», — деді жүргізуші.
Таскешуге қатынайтын №149 бағытындағы автобус — бұл ауданға күн сайын кіретін жалғыз қоғамдық көлік. Тасымалдаушылар қауымдастығы мұндай жағдай алғаш рет болып тұрмағанын айтады. Екі жыл бұрын да осы ауданда бірнеше автобусқа тас лақтырылған.
«Құқық қорғау органдарына арыз жазылды, бірақ нақты нәтиже жоқ. Осындай әрекет жалғаса берсе, бұл бағытты тоқтатуға мәжбүр боламыз. Өйткені шығынды өзіміз өтейміз. Ең бастысы — жолаушылар аман қалды», — деді «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Каюпов.
Тасымалдаушылар ата-аналарды балалардың әрекетіне назар аударуға шақырды.
Шымкент қалалық полиция департаменті жүргізушінің арызынан кейін тексеру жүргізілгенін хабарлады. Нәтижесінде автобусқа тас лақтырған кәмелетке толмаған баланың жеке басы анықталған.
Полиция мәліметінше, баланың заңды өкіліне кәмелетке толмағанды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар жасөспіріммен және ата-анасымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Материал авторы