«Әділ тергеу болмады»: Шымкенттегі изоляторда көз жұмған қыздың ісі дауға айналды
Шымкентте «мені зорламақ болды» деп арызданған 23 жастағы Сәнияның өзін полицейлер қамауға алған. Артынша ол қамауда отырғанда көз жұмды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте уақытша ұстау изоляторында көз жұмған 23 жастағы Сәния Жұбанышеваның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тергеу нұсқасы бойынша, бойжеткен өз-өзіне қол салған. Алайда марқұмның туыстары бұл тұжырыммен келіспей, істің әділ әрі объективті тергелмегенін мәлімдеп отыр.
Сәнияның анасы Зухра әлеуметтік желі арқылы үндеу жасап, құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты «дәлелдер бар» деген көрініс қалыптастыруға тырысып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, сол түні болған жайттарға қатысты нақты әрі тәуелсіз дәлелдер қоғамға ұсынылмаған. Анасы іс барысында бірқатар күмәнді жайттардың барын алға тартты.
«Алғашында пышақ біреу деп айтылды, кейін аяқ астынан “дәл сол пышақ” табылды. Бірақ онда саусақ іздері болмаған. Қызымның киімдері сараптамаға алынбады. Сол күні жазған арызы уақытында тіркелмеген. Мұның бәрі тым көп сұрақ туғызады», – деді ол.
Зухраның айтуынша, қызы оқиға орнынан қашпаған және полицияны өзі шақырған. Сондай-ақ оның телефонында басқа адамның қолында пышақ ұстап тұрған видеосы болғанын жеткізді.
«Қызым өзін сол кеште жәбірленуші болғанын айтқан. Бірақ толыққанды тергеудің орнына оған ауыр айып тағылды», – дейді анасы.
Марқұмның туыстары изолятордағы жағдайға да күмән келтіріп отыр. Анасының сөзінше, қызына сырттан қарапайым мұрынға арналған дәріні де кіргізбеген, алайда кейін камерада күшті әсер ететін дәрілердің қайдан пайда болғаны түсініксіз күйінде қалған.
«Мұндай препараттар қатаң бақылауда болуы керек емес пе? Бұл сұрақтарды жанжал шығару үшін емес, шындыққа жету үшін қойып отырмын. Қызымның атын біреулер өз жауапкершілігінен қашу үшін қаралауға жол бермеймін», – деді ол.
Сонымен қатар анасы қызының қамауда психологиялық қысым көргенін де айтты.
«Оған қайта-қайта “Пышақтаған сен бе?” деген сұрақ қойылған. Күн сайын қысым, күн сайын қорқыныш болған. Ол полициядан жасырынған жоқ, тергеумен ынтымақтасқан. Соған қарамастан сот оны екі айға қамауға жіберді», – деп жазды Зухра.
Еске салсақ, Сәния Жұбанышева уақытша ұстау изоляторында қайтыс болды. Оған Қылмыстық кодекстің ауыр бабы бойынша айып тағылған. Қыздың адвокаттары бұлтартпау шарасын өзгертуді сұраған. Ал Сәнияның өзі өзіне зорлық көрсетуге әрекет жасалғанын мәлімдеген еді.
Материал авторы