497

Қарағандыда пышақ ұстаған жасөспірім 8 жасар балаға шабуыл жасаған

Анасының сөзінше, оқиғадан кейін бала көшеге шығудан қорқып қалған.

Қарағандыда пышақ ұстаған жасөспірім 8 жасар балаға шабуыл жасаған
threads.com/@a.ryzhuk

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда 12 жастағы жасөспірімнің 8 жастағы балаға пышақпен жүгіргені туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

Threads платформасында жарияланған жазбада қала тұрғыны ұлы бірнеше апта бойы көрші жасөспірімнің қудалауына ұшырағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, 17 мамыр күні жағдай тіпті ушығып кеткен.

Әйелдің сөзінше, сол күні баласы үйге жүгіріп келіп, өзін пышақ ұстаған жасөспірімнің қуғанын айтқан. Кейін анасы туыстарымен бірге күдіктіні тоқтатып, қолындағы пышақты тартып алған. Осыдан соң олар полиция шақырған.

Баланың анасы тәртіп сақшыларының әрекетіне де наразылық білдірді.

«Қазіргі заманда балалар осылай қудалануы қалыпты жағдай ма? Әлде біреу зардап шеккеннен кейін ғана шара қолданыла ма?» — деді ол.

Сондай-ақ әйел күдікті баланың отбасы болған жағдайдың ауырлығын түсінбегенін айтып, бұл өз баласының қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызғанын жеткізді. Оның айтуынша, оқиғадан кейін ұлы сыртқа шығудан қорқатын болған.

Қарағанды облысының полиция департаменті оқиға бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, 8 жастағы бала үйіне қайтып келе жатқан кезде оған қолында пышағы бар 12 жастағы жасөспірім қарай жүгірген. Кейін олардың көрші тұратыны анықталған.

Полиция күдікті жасөспірімнің жеке басы тез арада анықталып, оның заңды өкілдерімен бірге бөлімшеге жеткізілгенін мәлімдеді. Екі тараппен де профилактикалық әңгіме жүргізіліп, психологтар жұмыс істеген.

Қазіргі уақытта балалардың ата-аналары бір-біріне шағым түсірмегені айтылды. 

Материал авторы